ШҚО-да су тасқыны жағдайын болжау бойынша әзірлемелер ұсынылды
Oskemen IT-Hub-ында "Flood Challenge" Хакатоны (әзірлеушілер форумы) өтті.
Форумда өңірдегі су тасқыны жағдайын болжау жобалары ұсынылған екен. Финалға үш қатысушының жұмыстары шықты, олардың ішінен қазылар алқасы үздіктерді таңдады. Сөйтіп, Назарбаев Зияткерлік мектебінің (НЗМ) оқушылары Расул Ризабек пен Әлжан Нұрғалиев жеңімпаз атанды.
- Біздің жоба су тасқыны жағдайын 10 күн бұрын болжау моделін әзірлеу болып табылады, - деді Расул Ризабек. - Болжам Kazhydromet.kz және Gismeteo.kz сайттарындағы метеорологиялық мәліметтерге негізделген. Жоба бойынша жұмыс нәтижесінде облыс өзендеріндегі су деңгейінің өзгеруін бақылауға болатын веб-сайт құрылды.
Алайда, Расул мен Әлжанның айтуынша, сайттың тұрақты жұмыс істеуі үшін көп қаражат қажет.
Хакатон жеңімпаздары ақшалай сертификаттарға және "Robosoft" компаниясында ақылы тағылымдамадан өту мүмкіндігіне ие болды.